Бұл туралы шетелдік футбол агенті пікір білдірді, деп жазады penalty.kz.
Испандық футбол агенті Алехандро Парра ASnews.kz басылымына берген сұхбатында қазақстандық вингер Азамат Туякбаевтың әлеуеті «Қайраттағы» әріптесі Дастан Сәтпаевтан кем емес екенін айтты.
Талант жағынан Сәтпаевтан кем емес
Туякбаев Чемпиондар лигасында дебют жасап, Кипрдің «Пафос» клубына қарсы ойында үзілістен кейін алаңға шықты. Парра оның ойынын жоғары бағалады:
«Қателесуім мүмкін, бірақ мен үшін Азамат – Сәтпаевтан кем түспейтін талант. Ол жасына қарамастан өте салқынқанды ойнайды және әрқашан соққы жасау мүмкіндігін іздейді. Біз мұны «Пафосқа» қарсы ойында көрдік. Бірнеше соққысы өте қауіпті болды», — деді агент.
«Қайраттан» кететін уақыт келді

Маманның пікірінше, 18 жастағы футболшыға енді жас ойыншыларды дамытатын еуропалық клубқа ауысу қажет:
«Қазір Туякбаевқа жастарды дамытуға басымдық беретін ұзақмерзімді жоба керек деп ойлаймын. Егер ол мансабын Италияда немесе Испанияда жалғастырса, ең бастысы – тұрақты ойын тәжірибесін алу. Мен Азаматты, мысалы, «Палермо» немесе «Фрозиноне» секілді клубта көргім келеді. Мұндай клубтар оны дамытып, кейін Исаак Вурал сияқты қайта сата алар еді. Қазақ жігітінің футболдық IQ деңгейі өте жоғары», — деді Парра.
Еске салайық, Исаак Вурал Серия В-дағы табысты маусымнан кейін «Фрозиноне» сапынан «Пиза» клубына 4,5 млн еуроға сатылған болатын. Бұған дейін Туякбаев Қазақстан Премьер-лигасында «Жетісу» қақпасына (5:0) гол соғып көзге түскен еді.
Сурет: «Қайрат» ФК.














