«Астана» мен Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станимир Стоилов Бауыржан Джолчиев туралы пікір білдіріп, оны Криштиану Роналду деңгейіндегі ойыншыға теңеді, деп хабарлайды ASnews.kz.
«Мансабымда кездескен ең талантты футболшы – Джолчиев. Клуб басшылығы оның футболды жалғастыруы үшін бар күшін салды. Бірақ адамның ойы дұрыс жұмыс істемесе, қиын болады. Ал футболшы ретіндегі қасиеттеріне келсек, Бауыржан маған қатты ұнайтын – ешқандай кемшілігі жоқ еді. Бұл Роналду деңгейіндегі футболшы», – деді маман Zidan4eg LIVE арнасына берген сұхбатында.
Бауыржан Джолчиев 2014 жылы «Астана» клубына ауысқан. Елордалық команда сапында 72 матч өткізіп, 15 гол соқты, 11 нәтижелі пас берген. Сондай-ақ швециялық АИК және кипрлік АПОЭЛ клубтарына қарсы ойындарда да мергендігімен көзге түсті.
Тәртіп мәселесіне байланысты Джолчиев кәсіби мансабын небәрі 25 жасында аяқтады. 2016 жылы футболшы мас күйінде көлік жүргізгені үшін полицияға ұсталып, үш жылға жүргізуші куәлігінен айырылған.
Фотода: Бауыржан Джолчиев.














