Рио Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық кәсіпқой боксшы Данияр Елеусінов АҚШ-тың Вашингтонда өткен бокс кешінен кейін алдағы жоспарларын айтты, деп жазады penalty.kz.
Жаңа кездесу – қыркүйекте, басты мақсат – ZUFFA
“Бұл жекпе-жек – біздің жаңа кәсіби лигамызға дайындық алдындағы маңызды қадам. Лиганың атауы ZUFFA болады. Рингсіз ұзақ уақыт тоқтап қалмау үшін осы кездесуді өткізуге шешім қабылдадық. Рингке шығу – әрқашан жауапты сәт. Қарсылас кім болса да, тыңғылықты дайындық қажет”, – деді Елеусінов.
Америкада өткен жекпе-жек кеші жайлы
“Мұндай формат АҚШ-та жиі қолданылады. Бұған дейін Майамиде Top Rank кешінде де дәл осындай шатыр қойылып, қонақтар жиналатын кеште өнер көрсеткенмін”, – дейді ол.
Жекпе-жек алдындағы дайындығын Питтсбург қаласындағы тәжірибелі бапкер Томас Янкеллоның қол астында өткізгенін атап өтті.
Қыркүйекте жекпе-жек, қаңтарда – лига
“Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, қыркүйекте қайта рингке шығамын. Ал 2026 жылдың қаңтарында ZUFFA лигасы басталады. Бұл лигада мықты қарсыластар болады. Бастысы – ритмнен шықпау. Рейтинг өзгеріп жатыр, мансап жалғасып жатыр”, – деді Данияр.
ZUFFA – Дана Уайт пен Сауд Арабиясының ортақ жобасы
Жаңа кәсіби лиганы UFC президенті Дана Уайт пен Сауд Арабиясындағы промоутерлер бірлесіп іске асыруда. ZUFFA жобасы – әлемдік бокс сахнасында ауқымды платформа болуға үмітті.
Данияр Елеусінов (13-0, 8 KO) өткен демалыс күндері Филиппин боксшысы Джеймс Бэконды (26-5, 17 KO) екінші раундта техникалық нокаутпен жеңді. Сол кеште тағы бір қазақстандық – ауыр салмақтағы Иван Дычко (15-0, 14 KO) да өнер көрсетіп, Сэмюэл Кроссдты (АҚШ) бірінші раундта нокаутқа жіберді.
Фото: sports24.kz