«Барселона» мен «Хартстың» бұрынғы жартылай қорғаушысы Хуанхо Каррикондо ASnews.kz сайтына берген сұхбатында Ислам Чесноковтың шотландиялық клубтағы жағдайын бағалады.
«Биылғы маусымда «Хартс» алғашқы турдан бастап қуантып келеді. Команда әлдеқайда ауқатты «Селтик» пен «Рейнджерспен» бәсекелесе отырып, тұрақты жоғары деңгейін сақтап тұр. Бапкердің, оның штабы мен сараптамалық бөлімнің тамаша жұмысынан бөлек, оларда ойынға деген шынайы құштарлық пен сүйіспеншілік бар.
Чесноков менің кеңесіме зәру деп айта алмаймын, бірақ оған еш жағдайда өзін аяуға болмайды. Бар күшті салып, клуб намысы үшін күресетін кез келді – сонда жанкүйерлер де қолдау көрсетеді. Исламға тек таланттың өзі аздық етеді: клубтағы алғашқы күннен бастап соңғы күнге дейін күрес», – деді испандық маман.
Еске салайық, қаңтар айында Шотландияға ауысқаннан кейін Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Ислам Чесноков бар болғаны бір матч өткізді. Чемпионаттың соңғы үш турында 26 жастағы вингер өтінімге ілікпеді. Дегенмен команда турнир кестесінде көш бастап тұр.
Каррикондо – каталондық «Барселонаның» түлегі. 1998-2001 жылдар аралығында шабуылшы жартылай қорғаушы «Хартс» сапында 88 ойында 11 гол соғып, 13 нәтижелі пас берген.
Фотода: Ислам Чесноков.














