World Boxing аясында Моңғолияда өтетін Азия чемпионатында бақ сынайтын Қазақстан ерлер құрамасы белгілі болды.
Бас бапкер Нұржан Нысанов негізінен тәжірибелі былғары қолғап шеберлеріне сенім артты.
Олардың қатарында Санжар Тәшкенбай (50 келі), Махмұд Сабырхан (55 келі), Оразбек Асылқұлов (60 келі), Ертуған Зейнулинов (65 келі), Төрехан Сабырхан (70 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Нұрбек Оралбай (85 келі), Сағындық Тоғамбай (90 келі) және Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) бар.
Құрлықтық дода 30 наурыз-10 сәуір аралығында Моңғолия астанасы Улан-Батор қаласында өтеді.
Айта кетсек, бас бапкер Нұржан Насанов жетекшілігімен бокстан Қазақстан ерлер құрамасы Түркістан облысында бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізді.
Дайындық барысында олар алдағы Азия чемпионатына дайындық жүргізеді. Халықаралық деңгейдегі жаттығу жиынына Өзбекстан, Түркіменстан, Германия, Түркия құрамалары келді.
Ұлттық құраманың бас бапкері бұдан бұрын шәкірттерінің 2026 жылдың алғашқы кезеңін Азия чемпионатымен түйіндейтінін атап өткен еді.
— Құрлықтық додаға дейін бірнеше елмен бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жыл басынан бергі жарыстар мен жаттығуда өзін жақсы көрсете білген боксшыларды Азия чемпионатына алып барамыз. Бұл — World Boxing ұйымының ересектер арасындағы алғашқы құрлықтық біріншілігі. Жарыс 28 наурыз-1 сәуір аралығында Моңғолияда болады, — деді Нұржан Насанов.
Фото: ҚБФ.














