Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әли Әлиев 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясында Уэльс құрамасына қарсы өткен матчты қорытындылады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
«Астана Аренада» өткен ойын 0:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.
Бапкердің айтуынша, Қазақстан құрамасында гол соғуға мүмкіндік болғанымен, қарсылас тарап өз мүмкіндіктерін жақсы пайдалана білді. Сонымен қатар, ол Исламның ойнамау себебін де түсіндірді.
— Ислам жарақат алған еді, сондықтан біз оны Бельгиямен болатын матчқа сақтап қалдық. Бүгін оны алаңға шығармау туралы шешім қабылдадық. Ойыншыларға ешқандай өкпе жоқ — барлығы адал ойнап, қолдан келгенін жасады, — деп атап өтті Әлиев.
Сондай-ақ, ол бұл кездесудің футболшылар үшін де, жанкүйерлер үшін де нағыз сынақ болғанын атап өтті.
— Эмоциялық қысым өте жоғары болды, жанкүйерлердің көңіл-күйін түсінеміз. Бізде 3-4 жақсы мүмкіндік болды, команда тырысты. Бірақ қарсы алдымызда «Тоттенхэм» мен «Фулхэм» клубтарының ойыншылары бар Уэльс құрамасы тұрды. Жігіттерге жанкешті ойыны үшін алғыс айтамын, — деді ол.
Әлиевтің айтуынша, Қазақстан құрамасы бұл ойында ешқандай қорқынышсыз ойнап, қарсыласқа бейімделуге тырысқан.
— Уэльс қандай тактика қолданатынын білмедік. Алғашқы 20 минутта қарсыласты бақыладық, бірақ бәрін тезірек ұққымыз келді. Шешуші сәттерде суыққанды әрекет жетіспеді. Мен Кенжебековты ауыстырып, шабуылға серпін беру үшін Чесноковты шығардым. Ол ойынды жақсы күшейтті, — деді бас бапкер.
Қазақстан құрамасы келесі ойынын 7 қыркүйекте Брюссельде Бельгия құрамасына қарсы өткізеді.
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform.