Футболдан Бірінші лиганың ХIХ турының алғашқы ойын күні өтті.
Аталған тур ойындары 21-22 тамыз күндеріне белгіленген.
21 тамызда Павлодардың «Ертісі» сырт алаңда Шымкенттің «Академия Оңтүстік» клубын 1:0 есебімен сүріндірді. Нәтижесінде 45 ұпаймен турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ алматылық AKAS өз алаңында «Ақтөбе-2» клубын 4:0 есебімен жеңді.
Ал «Алтай» (Өскемен) мен «Түркістан» кездесуі өткізілген жоқ. Кездесуге түркістандық клуб келмей қалған.
Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, аталған матчқа қатысты шешім федерацияның бақылау-тәртіптік комитетінің алдағы отырысында қабылданады.
Енді 22 тамызда «Жетісай» (Түркістан облысы) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы), «Шахтер» (Қарағанды) мен «Қайрат-2» (Алматы), «Каспий» (Ақтау) мен «SD Family» (Астана), «Тараз» бен «Хан тәңірі» (Алматы) ойнайды.
Турнир кестесінде алғашқы екі орынға ие болған командалар алдағы жылы Премьер-лигаға қатысуға тікелей жолдамаға қол жеткізеді.
Биыл «Шахтер», «Ертіс», «Каспий» командалары үздіктер қатарында болады деп болжанып отыр.
Он тоғыз турдан кейін «Каспий», «Ертіс», «Шахтер», «Алтай» командалары алғашқы орындарды өзара бөлісіп тұр.
Фото: Kffleague.kz.