Don Ballon басылымының мәліметінше, Беллингем мен Рюдигер арасындағы кикілжің өткен маусымда-ақ басталған. Ал жаттығу кезінде тіпті ушығып кеткен. Себебі Рюдигер командаласын аяқтан әдейі шалып жіберген. Бұл әрекет Беллингемнің ашуын туғызып, екеуі төбелесіп қалады. Екеуара дауға командадағы өзге ойыншылар араласуға мәжбүр болған.
Содан бері екі футболшы бір-бірімен сөйлеспеуге тырысады. Тіпті Испания кубогының финалынан кейін төрешіге бірге қарсы шыққанына қарамастан, арадағы реніш тарқамаған. Қол алысу секілді ресми ым-ишарадан әрі аспай жүр.
Беллингем Рюдигердің дөрекілігі мен өзін ұстай алмайтын мінезінен әбден шаршағанын тілге тиек еткен.
Жалпы, «Реалдың» ішкі жағдайы мәз емес. Беллингем мен Рюдигерден бөлек Винисиус пен Килиан Мбаппенің де бір-бірін аса жақтырмайтыны көп айтылады.
Енді «корольдік клубтың» жаңа бас бапкері Хаби Алонсоның алдында үлкен міндет тұр — команданың ішкі ахуалын реттеп, жеке қарым-қатынастың спорттық нәтижеге әсер етпеуін қадағалау.
Фото: «Реал Мадрид» баспасөз қызметі.