Жаңа маусымға дайындық аясында «Барыс» хоккей клубы Астанада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасымен екі бақылау ойынын өткізеді.
Алғашқысы 1 қыркүйекте қазақстандық уақытпен 17:00-де басталса, екінші ойын 2 қыркүйекте 18:00-ге белгіленген.
Айта кетсек, биыл елордалық клубпен АҚШ хоккейшілері Иэн Маккош, Майкл Веккьоне, Райли Уолш, канадалық Джейк Масси, ресейлік Владимир Волков, Эмиль Галимов, қазақстандық Кирилл Панюков, Кирилл Савицкий, Батырлан Мұратов, Роман Старченко келісімшартқа қол қойды.
Айта кетсек, «Барыс» Ресейдегі «Иван Ромазан мемориалы» турниріне қатысады. Бұл турнир Ресейдің Магнитогорск қаласында 26-29 тамыз аралығында болады.
Онда жергілікті «Металлург» командасынан бөлек сол қаланың тағы бір клубы «Магнитка», Уфаның «Салават Юлаев» астаналық «Барыс» командасы айналмалы жүйе бойынша өзара кездеседі.
Қазақстандық клуб Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда алғашқы үш ойынды елордада өткізеді. Алдымен 7 қыркүйекте Ресейдің «Трактор» (Челябинск) командасымен кездессе, одан кейін 9 қыркүйекте «Амур» (Хабаровск), 13 қыркүйекте Беларусьтің «Динамо» (Минск) клубтарымен шеберлік байқасады.
Фото: «Барыс» хоккей клубы.