Камерундық шабуылшы Клинтон Н’Жи «Атырауға» ауысуға жақын болған, деп хабарлайды ASnews.kz.
Тараптар келісімшарт бойынша мәмілеге келгенімен, «мұнайшылар» Н’Жидің проблемалы футболшы ретіндегі беделіне байланысты оның кандидатурасынан бас тартты.
Оң және сол қанаттағы вингер ретінде де ойнай алатын 32 жастағы шабуылшы жарты жылдан астам уақыт бойы клубсыз жүр. Камерундықтың соңғы командасы румыниялық «Рапид» болды, Н’Жи бұл клубтан өткен жылдың жазында кеткен.
Айта кетейік, ол «Лион», «Марсель», «Тоттенхэм», мәскеулік «Динамо» және түркиялық «Сивасспор» сияқты клубтардағы ойындарымен жақсы таныс. Клубтық мансабында камерундық шабуылшы 350 матч өткізіп, 52 гол соққан және 29 нәтижелі пас берген.
Камерун ұлттық құрамасы сапында Н’Жи 44 ойын өткізіп, 10 голдың авторы атанды. 2017 жылы ұлттық құрамамен бірге Африка ұлттары кубогында жеңіске жетсе, 2021 жылы «қола» жүлдегер атанды.
Футболшының ең жоғары трансферлік құны – 15 миллион еуроны (2018 жыл) құраған.
«Атыраудың» жаңа инвесторы Әлімбек Мұқанов өз жұмысына кірісіп кетті және құрамды күшейту мақсатында командаға бірнеше легионерді шақыруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда «мұнайшылар» әлеуетті үміткерлермен белсенді түрде келіссөздер жүргізуде.
Фотода: Клинтон Н’Жи.














