Мамандар клубты 364, 3 млн теңгеге бағалап берді. Клуб бүгін аукционға шығарылады.
Облыстық мәслихат депутаттары көпшілік тыңдау өткізді. Онда «Ақтөбе» ФК-ын жекешелендіруге беру ұсынысы қаралды.
– «Ақтөбе» ФК-ы 2020 жылы жекешелендіру тізіміне кірді. Биыл клубқа бағалау жүргізіліп, құны 364 млн 352 мың теңге деп есептелді. Аукцион кезінде алғашқы құны осы болады. Клуб бүгін аукционға қойылады. Хабарлама 15 күн бойы тұрады. Кез келген адам қатыса алады, — деді Ақтөбе облыстық қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиев.
Оның айтуынша, клубта ешқандай да мүлік жоқ. Тек екі автобус пен оргтехника есепке алынды. Ал өзгесі ойыншылармен арадағы келісімшарт, жаттықтырушылар құрамы. Сонымен бірге бағалау кезінде «Ақтөбе» ФК-ның бес дүркін ел чемпионы болғаны ескерілді.
– Алдын ала келісім болмады, бірақ қызығушылар бар. Қанша адам бар екенін айта алмаймын. Маған келіп, ешкім сұрамады. Аукцион электронды түрде өтеді. Жеңімпаз Е-Qazyna платформасы арқылы анықталады. Қазіргі кезде клуб қалыпты түрде жұмысын жалғастырып жатыр. Себебі аукционға шыққанымен оған кім қатысатынын, жеңімпазды4 кім болатынын білмейміз. Егер анықталмаса жұмыс бұрынғысынша жалғасады. Ал аукцион арқылы жеңімпаз анықталса, сатып алған иесі шешім қабылдайды, — деді Ерік Тұрсынғалиев.
Ақтөбе облысы әкімдігі футболға қаржы бөлуді жалғастырады. Тек қаржыландыру көлемі қысқарады.
– 2025 жылы футболға 3,5 млрд теңге жұмсалды. 2026 жылы 1,9 млрд теңге қарастырылып отыр. Үнем — 1,5 млрд теңге. Жыл өткен сайын осылай қысқара береді. Қазір біз балалар арасындағы футболға басымдық беріп отырмыз. Балалар академиясына 260 млн теңге бөлінсе, келер жылға 400 млн теңге қарастырылды. Сонымен бірге әйелдер командасы да бар. Футзалды да ұмытпаймыз, — деді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Айта кетейік, «Ақтөбе» ФК орталық стадионды жалға алады. Себебі бұл – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектебінің теңгерімінде. Ал футбол клубының жаңа иесі басшылық құрамы мен жаттықтырушыны, ойыншыларды өзі анықтай алады. Дегенмен әкімдік қызмет саласын өзгертпеу, футбол клубын ел ішіндегі ресми ойындарға қатыстыру, спорттық инфрақұрылыммен қамту және олардың шығынын өтеу, іссапарға жіберу талаптарының орындалуын баста талап етіп қойды. Шетелдік легионерлерге тоқтау қоя алмайды.
Еске салсақ, Ақтөбе облысының әкім Асхат Шахаров бұған дейін футбол клубының иесі «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы, құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев екенін айтты.
Фото: Ақтөбе ФК.














