Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 13-ракеткасы Анна Данилина Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирін сәтті бастады.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Анна Данилина мен сербиялық Александра Крунич алғашқы айналымда германиялық Лаура Зигемунд — америкалық София Кениннің мысын басты.
Бірінші партияда Данилина — Крунич айқын басымдылық танытты — 6:2.
Тартысты өрбіген екінші сетте әуелі германиялық-америкалық жұп 3:1 есебімен алға шыққанымен, Анна мен Александра матчты жеңіспен түйіндей білді — 7:5.
Бір сағат 37 минутқа созылған бәсекеде қазақстандық-сербиялық дуэт 3 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың тең жартысын мүлт жіберген жоқ. Зигемунд — Кенин 1 эйс, 3 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Анна Данилина — Александра Крунич жартылай финалға шығу үшін америкалық Николь Меличар-Мартинез — ресейлік Людмила Самсоновамен таласады.
Анна Данилина — Александра Крунич өткен аптада Ухань (Қытай) WTA 1000 додасында сәтті өнер көрсетіп, финалға дейін жеткен еді.
Фото: ҚТФ.