– «Кайраттың» шешуші ойыны сіздің туған күніңізге тұспа-тұс келді.
– Мен үшін ерекше, ұмытылмас туған күн болды (күліп). Әдетте ойын күні ешкім мазаламауы үшін телефонды сөндіріп қоямын. Бұл жолы да солай істедім. Бірақ бәрібір қобалжу болды. Бізге қарағанда «Селтикке» деген көбірек болды. Тіпті жеңіліп жатсақ та, барымызды салып ойнаушы едік. Ал шотландиялық ұжым – бізден бірнеше саты жоғары команда. Шотландиялық клубтың бір ойыншысының трансферлік құны біздің бүкіл команданың бағасынан қымбат. Сондықтан бізге психологиялық тұрғыдан жеңілірек болды. Сөйте тұра осындай кезеңге жетіп, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне алғашқы іріктеу айналымынан өткен жалғыз команда атандық.
– Сіз Чемпиондар лигасында бұрын да ойнадыңыз. Қазір қандай сезімдесіз?
– «Краснодарда» жүргенде біз мықты команда едік, сондықтан Чемпиондар лигасына шыға алмау өте нашар нәтиже болар еді. «Кайратта» да білікті жігіттер жиналған, ұжым өте жақсы. Бірақ мүмкіндіктеріміз әлдеқайда шектеулі. Сол себепті бұл жолғы жетістік ерекше құнды. Оның үстіне іріктеуді бірінші кезеңнен бастадық.
– «Селтиктің» құрамы – €130 млн, ал «Кайраттікі» – €12,8 млн. Бұл нені аңғартады?
– Қазір барлық команданың қорғана білетінін аңғартса керек (күліп). «Барселона», «Реал», «ПСЖ», «Сити» сияқты алыптарды есепке алмаймын – олар голын қалағанынша соғып жүр. Ал біздің басты айырмашылығымыз – артта жинақы ойнап, алда жылдам қарсы шабуылға шығу. Осы тактика бізді алға жетеледі.
– «Селтик» басқа қарсыластардан несімен ерекшеленді?
– Ең алдымен футболшылардың класы және ойын қарқыны. «Слованмен» кездесудің өзінде мұндай жылдамдық жоқ еді. «Селтик» – жоғары нәтижелерге ғана ұмтылатын, Чемпиондар лигасында тұрақты ойнайтын команда.
– Пенальти сериясында екінші рет өзіңізді сынап көрдіңіз. Өзіңіз сұрандыңыз ба?
– Бапкерлермен алдымен сұрап алады. Біз секілді тәжірибелі ойыншыларға жауапкершілікті жастарға арта салу дұрыс емес. Бапкер сұраса, «дайынмын» деген ғана жауап естуі керек.
– Қақпада Шмейхель тұрғанына қарамастан, қысым сезілмеді ме?
– Жоқ. Бас бапкер бізге: «Бұрышты таңдаңдар да сенімді соғыңдар, уайымдамаңдар!» – деді.
– Қақпашы Темірлан Анарбековтың ойынын қалай бағалайсыз?
– Ол пенальти сериясында мықты екенін бұған дейін-ақ дәлелдеген. «Жеңіске» қарсы ойында да, жаттығуларда да көрсеткен. «Слованға» қарсы матчта да Темірлан шығады деп ойлағанбыз, бірақ бапкерлер Заруцкий соңына дейін шыдас береді деп шешім қабылдады. Әйтпесе Темірланға қатысты ешкімнің күмәні болған жоқ.
– Егop Сорокиннің тоғыздыққа тепкен добы таңғалдырды ма?
– Жоқ. Ол бұған дейін де дәл солай соққан.
– Матчтан кейін қандай сезімде болдыңыздар?
– Әуелі ішіміз босап қалғандай болды, қалай дегенмен ұзақ күткен сәтке жеттік қой. Сенер-сенбесімізді білмедік. Бірақ қуаныш та ерекше болды. Өкінішке қарай, мені бірден флеш-интервьюға алып кетті, сондықтан киім шешу бөлмесіндегі ең қызық сәттерді, бапкер мен президенттің сөзін өткізіп алдым.
– Алматылықтар қалай тойлады?
– Халық тойлап жатты. Бірақ мен бірден үйге қайттым. Адамдардың көшелердің бойымен «Қайраттың» жалауын алып, шулап жатқанын әлеуметтік желілерден ғана көрдім. Демалыс күні болса, одан да үлкен той болар еді.
– «Селтик Парктағы» атмосфера қандай әсер қалдырды? Қалай дегенмен 60 мың көрерменнің алдында ойнау кімге де болса оңай емес…
– Шынымен ерекше болды! Қайта 60 мың жанкүйердің дауысы бізді жігерлендірді. Бұл гуіл кімге көбірек көмектескенін білмеймін, себебі «Селтик» үшін бұл қалыпты жағдай шығар, ал біз үшін керемет мотивация болды.
– ЧЛ-ның жаңа форматына сәйкес, Алматыға міндетті түрде бір топ-клуб келеді. Қайсысын күтесіз?
– «Реал» немесе «ПСЖ-ны». Өзім «Реалдың» жанкүйермін, ал «ПСЖ» – қазір әлемнің үздік клубы.
– Орталық стадиондағы газонға қатысты пікіріңізді білсек.
– Әдетте алаң сапасы өте керемет болатын. Бірақ биыл аптап ыстық болды, оның үстіне концерттер өтті. Өзіңіз ойлаңызшы, 40 мың адам таптаған алаң ғой. Алда үш апталық үзіліс бар, осы аралықта газонды дұрыстап береді деп сенемін. Өкінішке қарай, еурокубоктық матчтар алдында тағы концерт өтеді, қыркүйекте Backstreet Boys келеді.
– Турнир барысында қай стадионда ойнағыңыз келеді?
– «Энфилдте». Ол жақтағы атмосфера да «Селтик Парктегідей» ерекше болмақ.
– «Кайраттың» Чемпиондар лигасындағы мүмкіндіктері қандай?
– Әрине, Еуропаның үздіктерімен тең дәрежеде ойнау оңай емес. Бірақ біз әр матчта барымызды салып, ұпай алуға тырысамыз. Қолымыздан келгенше аянып қалмаймыз, қалай боларын уақыт көрсетеді. Бастысы – қысым жоқ.
– Жеке тәжірибеңіз командаға көмектесе ме?
– Әрине. Бұрын Чемпиондар лигасында, Еуропа лигасында «Севилья», «Валенсия» және «Байермен», ал ұлттық құрамамен Испания, Францияға қарсы ойнадым. Бұл тәжірибе артық етпейді.
– Жаңа форматқа көзқарасыңыз?
– Маған ескі формат көбірек ұнайтын – түсініктірек. Қазір матч көп, бірақ маусым созылып кетті. Алматыда қыста -25°С-та ойнау мүмкін емес. Сондықтан соңғы матчтарды сырт алаңда өткізеді деп ойлаймын.
Фото: “Қайраттың” баспасөз қызметі.