Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жекелей және жұптық сында жаңартылған рейтингіні жария етті.
Алғаш рет Париж мастерс турнирінің жартылай финалына дейін жеткен Александр Бублик әлемдік рейтингіде 16-дан 13-орынға көтерілді. Бұл оның спорттық жолындағы жеке рекорды болып есептеледі.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко 99-дан 97-ге ауысты.
Париж мастерс жарысының финалында канадалық Феликс Оже-Альяссимді ұтқан италиялық Янник Синнер испаниялық Карлос Алькарасты ығыстырып, қайтадан көш бастады. Германиялық Александр Зверев үшінші сатыда.
А.Бублик осы аптада Метц (Франция) АТР 250 турнирінде өнер көрсетеді. Мұнда үшінші ракетка болып тіркелген ол жарысты екінші айналымнан бастайды.
Доданың 1-ракеткасы, канадалық Ф.Оже-Альяссим денсаулығына байланысты Метц турнирінде ойнаудан бас тартты. Қазіргі кезде АТР чемпиондық кестесінде 8-орында тұрған канадалық спортшы – Италияның Турин қаласында өтетін жылдың қорытынды турниріне барудан үміткерлердің бірі. Алайда 9-сатыдағы италиялық Лоренцо Музетти Афины (Грекия) жарысында жеңімпаз атанса, Оже-Альяссимді ығыстырып, Туринге жолдама алады.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) рейтингісінде Елена Рыбакина 6-орнын сақтап қалса, Юлия Путинцева 75-тен 73-ке ауысты.
Жұптық сында Анна Данилина бұрынғыша 13-сатыда тұрса, Ю.Путинцева 104-тен 105-ке төмендеді. Жібек Құламбаева 134-тен 132-ге шықты.
Бүгін Е.Рыбакина Эр-Рияд қаласында өтіп жатқан жылдың қорытынды турнирінде әлемнің 2-ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентекпен шеберлік байқасады.
Фото: ҚТФ.














