Белгілі болғандай, тараптар 22 қарашада Сауд Арабиясында айқас өткізу туралы келіссөз жүргізген, алайда қаржылық мәселеде ортақ шешімге келе алмаған. Пилаттидің айтуынша, жекпе-жек АҚШ-та өтетін болса, боксшылар бұдан да төмен сыйақы алуы мүмкін.
«Бұл мәселеге қатысты күмәнім бар. Екеуі ұсынылған ақшаны қабылдамаса, жекпе-жекті ұйымдастыру қиынға соғады. Себебі қаржы аз, ал телеарналардың қолдауы жеткіліксіз. ESPN қазір бокс көрсетілімдерін сиретіп жіберді. DAZN-ның екі боксшымен де байланысы жоқ. Карлос Адамес – PBC боксшысы, ал Жәнібек Әлімханұлы – Top Rank-тің өкілі. Алайда Top Rank келесі жылға дейін трансляция серіктесінен айырылды. Олар алдағы уақытта қай арнамен жұмыс істейтіні әзірге белгісіз. Өз басым бұл жекпе-жек желтоқсанда PBC кардтарының бірінде өтеді деп сенемін. Екеуі де белгілі бір ымыраға келуі керек деп санаймын. Сауд Арабиясында ақша мол, ал АҚШ-та жағдай басқаша. Дегенмен олар келіссөз үстеліне қайта оралып, желтоқсандағы PBC турнирлерінің бірінде орта салмақтағы үш белбеуді біріктіретін жекпе-жек өткізеді деп ойлаймын», — деді Пилатти өзінің YouTube арнасында.
Айта кетейік, Жәнібектің соңғы жекпе-жегі биыл сәуір айында Астанада өтті. Ол кезде қазақстандық боксшы француз спортшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Фото: әлеуметтік желі.