Бұрын Қазақстан клубтарында ойнаған, қазір Малайзия чемпионатында өнер көрсетіп жүрген қорғаушы Алию Абубакар ASnews.kz сайтына берген сұхбатында лигалардың деңгейін салыстырып, ҚПЛ-ға қайта оралу мүмкіндігін бағалады.
«Малайзияда бәрі жақсы. Әсіресе Қазақстанда алған тәжірибем мен білімім көп көмектесіп жатыр. Чемпионат деңгейіне келсек, екі лига да жаман емес, жай ғана екі бөлек құрлықтың футболы», – деді Абубакар.
Сондай-ақ нигериялық қорғаушы Қазақстан Премьер-лигасынан ұсыныс болса, қарастыруға дайын екенін жеткізді, себебі оның жақындары осында тұрады.
«Жақсы ұсыныс түссе, қайта ораламын ба? Бұл – футбол, ешқашан «жоқ» деп кесіп айтуға болмайды. Қазақстанда менің көп достарым, бұрынғы командаластарым қалды, ең бастысы – отбасым да сол жақта.
Сондықтан Қазақстанға оралу мені туған-туыстарыма жақындатады. Бірақ, әрине, ол үшін нақты әрі сенімді ұсыныс қажет», – деп түйіндеді қорғаушы.
Алию Абубакар қарағандылық «Шахтер», көкшетаулық «Оқжетпес», талдықорғандық «Жетісу» және алматылық «Хан-Тәңірі» клубтарының намысын қорғаған. Қазіргі таңда ол Малайзия Суперлигасында «Перак» клубында ойнап жүр.
Фото: Алию Абубакар.














