Чемпиондар лигасының бесінші туры аяқталды. Әзірге ұпай жоғалтпаған жалғыз команда – «Реал Мадрид». 15 ұпаймен көш бастап тұр. Былтырғы чемпион ПСЖ 13 ұпаймен екінші сатыға жайғасты. Өз алаңында «Ромамен» тең ойнаған париждіктер көшбасшылықты беріп қойды.
Ал үздік үштіктегі күтпеген команда – италиялық «Комо»!
Әрине, турнир мәресіне жеткенше кесте талай өзгеруі мүмкін. Дегенмен дәл қазір үшінші орынға көтерілген «Комоның» ойыны ерекше назар аудартады.
Картадан іздесеңіз, Комо – шағын ғана италиялық қала. 85 мың тұрғыны бар. Бірақ оның футбол клубының амбициясы шағын емес. Бүгінде Еуропаның ең мықтыларымен бәсекеге түсіп жүр.
Оның айқын дәлелі, бес кездесуде төрт жеңіс, бір жеңіліс. 12 ұпай. Қарсыластар қақпасына 20 гол соғып, өз қақпасына небәрі 6 гол жіберген. Бұл көрсеткіш бойынша команда турнирдің ең нәтижелі ұжымның қатарында.
Чемпиондар лигасының тарихындағы ең көп гол соғылған матч – «Боруссия» мен «Легия» арасындағы кездесу. 2016 жылы өткен ойында 12 гол тіркелді. Дортмундтықтар қарсылас қақпасына 8 гол соқса, «Легия» 4 голмен жауап берді. Қорытынды есеп – 8:4.
Ал «Ланс» пен «Комо» кездесуінде де гол жауған. Екі команда 10 гол соқты. Оның тоғызы «Комоның» еншісінде. Мұндай есеп футболда сирек кездеседі. Италиялық клуб шабуылдағы әлеуетін айқын көрсетті.
Мұндай нәтижеге неге ерекше назар аударып отырмыз? Өйткені «Комо» Еуропа футболының дәстүрлі алпауытынан емес. Клуб талай қиындықты бастан өткерді. Қаржылық дағдарысқа ұшырап, Италияның төменгі дивизионына дейін құлдырады. Тіпті кәсіби футболдан шет қалу қаупі төнді. Бүгінде сол клуб Чемпиондар лигасының үздік үштігінде тұр.
Мұндай өрлеудің артында дұрыс инвестиция, кәсіби менеджмент және ұзақ мерзімді стратегия жатыр. Жаңа иелер клубты бірден жұлдызды футболшылармен жасақтауға емес, оның іргетасын нығайтуға басымдық берді. Инфрақұрылымға, жастар академиясына және басқару жүйесіне қаржы салды.
Бас бапкер Сеск Фабрегастың еңбегі айрықша. Ол допты бақылауға, жылдам пасқа, жоғары прессингке және шабуылға негізделген заманауи ойын үлгісін қалыптастырды. Команда жеке шеберлікке ғана емес, ұжымдық үйлесімге сүйенеді.
«Комоның» жетістігі – кездейсоқ сенсация емес, жүйелі дамудың жемісі. Бұл клубтың тәжірибесі футболда үлкен тарих пен мол қаржының өзі жеткіліксіз екенін көрсетеді. Оған қоса дұрыс стратегия, кәсіби басқару және ортақ мақсат қажет.
P.S. «Комо» тәжірибесінің Қазақстан футболына беретін басты сабағы – клубты емес, тұтас футбол жүйесін дамыту. Өйткені тұрақты жетістікке кәсіби басқару, мықты академия және ұзақ мерзімді стратегия маңызды рөл атқарады.
Пікір иесі: Нұрлат Байгенже.













