Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын бүгін, 12 қазанда елордада Ресейдің «Сибирь» (Новосібір) командасына қарсы өткізеді.
Кездесу Қазақстан уақытымен 19:30–да басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Құрлықтық хоккей лигасы тұрақты чемпионатында «Барыс» 13 ойыннан кейін 16 ұпаймен оныншы орында тұрса, «Сибирь» 14 ойыннан кейін 11 ұпаймен он тоғызыншы орынға жайғасқан.
Елордалық команда соңғы алты ойынның үшеуінде қатарынан жеңіске жетсе, ресейлік клуб алты кездесудің екеуінде ғана қарсыластарын қапы қалдырды.
Екі команда арасындағы соңғы бес ойынның біреуінде елордалық клуб жеңіске жетті.
Қазақстандық команда бұдан кейін бір ойынын елордада өткізіп, 14 қазанда Ресейдің «Автомобилист» (Екатеринбург) клубымен шеберлік байқасады.
Одан кейін қазақстандық команда қатарынан тоғыз кездесуді сырт айдында өткізеді.
Бұдан бұрын елордалық клуб «Барыс» елордада «Авангардтан» басым түсті.
Фото: «Барыс» ХК.














