Спортшының сынамасы 23 қыркүйекте Жапонияда Азия ойындары аясындағы жарыстан тыс допинг бақылауы кезінде алынған. ITA мәліметінше, сынамада триметазидинге қатысты қолайсыз аналитикалық нәтиже тіркелген.
Триметазидин Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) тыйым салынған заттар тізіміндегі S4 — «Гормондық және метаболизмдік модуляторлар» санатына жатады. Бұл зат жарыс кезінде де, жарыстан тыс кезеңде де қолдануға тыйым салынған және арнайы санатқа жатпайтын тыйым салынған субстанция ретінде көрсетілген.
ITA хабарлауынша, Эйгель допингке қатысты ереже бұзушылық туралы хабардар етіліп, істі қарау аяқталғанға дейін уақытша шеттетілді. Осы кезеңде спортшыға Аичи-Нагоядағы 2026 жылғы Азия ойындары аясындағы жарыстарға, жаттығуларға, бапкерлік қызметке және өзге де спорттық жұмыстарға қатысуға тыйым салынды.
Сонымен қатар спортшы уақытша шеттету туралы шешімге Спорттық арбитраж сотының (CAS) Допингке қарсы бөлімінде шағымдануға құқылы. Сондай-ақ оның B сынамасын ашып, қайта талдау жүргізуді талап етуге мүмкіндігі бар.
«Іс бойынша тергеу жалғасып жатқандықтан, ITA іс аяқталғанға дейін қосымша түсініктеме бермейді», — делінген агенттік хабарламасында.
Павел Эйгель — 2018 жылғы ескек есу слаломынан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Ол өткен жылы спорттық азаматтығын Ресейден Өзбекстанға ауыстырған.
Эйгель 2026 жылғы Азия ойындарында жүлдеге іліге алған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстан құрамасының тағы бір өкілі — Азия ойындарының қола жүлдегері, ММА спортшысы Нодирбек Шавкатовтың допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталған болатын. Ол да істі қарау аяқталғанға дейін уақытша шеттетілген.
Фото: Getty Images.














