Астана қаласындағы «Барыс арена» стадионында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының қорытынды кезеңі мәресіне жетті.
Қола жүлде үшін бәсекеде соңғы ойында сербиялық маман Владимир Васович жаттықтыратын «Берел» (Өскемен) мен Түркістанның «Тұраны» (бас бапкері Асқар Шалқыбеков) алаңға шықты.
Осыған дейін үшінші орын үшін тайталаста қос команда бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жолы алғашқы екі партияда өскемендіктер басымдылық танытты — 25:19, 25:22.
Бұдан кейін түркістандықтар камбэк жасай білді — 25:21, 25:23, 15:7. Қорытынды есеп — 3:2.
Осылайша, «Тұран» үздік үштікті түйіндесе, «Берел» биыл жүлдесіз қалды.
«Алматы» командасы «Қарағандыны» 3:0 есебімен ұтып, қорытынды есепте бесінші орынға көтерілді. Соңғы ойында «Астанадан» айласын асырған «Ақтөбе» клубы қарағандылықтарды ығыстырып, 6-сатыға көтерілді.
Фото: видеодан алынған скрин.














