Әйелдер футболында тарихи көрсеткіш жаңартылды. Шотландиялық «Селтик» клубының жартылай қорғаушысы Мария МакЭнени әлемдік рекорд орнатып, Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп жазады penalty.kz.
Мария бұл жетістіктің алдын ала жоспарланбағанын айтты. Оның сөзінше, рекорд тек ойын барысындағы жылдам шешімнің нәтижесі болған. Футболшы әріптесімен қысқа ғана келісіп, бірден соққы жасауға бел буған. Нәтижесінде, доп қарсылас қақпасына дәл тиіп, рекорд тіркелді. Рекордтан бөлек аталған матчта “Селтик” 2:1 есебімен жеңіске жеткен.
“Ешқандай дайындық болған жоқ, бұл жай ғана дереу қабылданған шешім болды.”
Жаңа мүмкіндіктер
Бұл жетістік шотландиялық футбол қауымдастығының назарынан тыс қалмады. Футболшы Шотландия құрамасына шақырту алып, әлем чемпионатындағы іріктеу ойындарына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Ағымдағы аптада Гиннес рекордтар кітабының бас редакторы Крейг Глендей Глазгодағы клуб базасына арнайы барып, футболшыға ресми сертификатты табыстады.
«Мариямен және командамен кездесу мақсатында “Селтиктің” жаңа жаттығу базасына бару мен үшін үлкен мәртебе болды. Жоғары дивизиондағы әйелдер футболындағы ең жылдам гол сияқты іргелі жетістіктің айналасындағы үлкен резонанс әрбір жас футболшыға өзін көрсетуге барлық мүмкіндік бар екенін анық көрсетеді”
Айта кетсек, футболда бұдан да жылдам голдар төменгі лигаларда немесе әуесқой матчтарда тіркелген. Алайда ресми рекорд тек жоғары деңгейлі кәсіби лигалардағы ойындар негізінде есепке алынады. Сондықтан МакЭненидің бұл нәтижесі әйелдер футболындағы ең жоғары деңгейдегі тарихи жетістік ретінде бағаланып отыр.
Фото: Гиннес рекордтар кітабы.














