2026 жылы Италияның Милан және Кортине-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпия ойындарының алауын алып жүрушілердің бірі атақты футболшы Златан Ибрагимович болмақ, деп жазады Kazinform меншікті тілшісі.
«Милан», ПСЖ және «Барселона» футбол клубтарында өнер көрсеткен Златан Ибрагимович қазір «Миланның» құрылымында қызмет атқарады. Ол аталған клубтың жейдесін 2010-2012 және 2020-2023 жылдары киген. Оны жоғарыдағы мәртебелі қатарға қосу — ұйымдастырушылардың Италиямен тығыз байланысты танымал спортшыларды алау эстафетасына тартуға деген ұмтылысын білдіреді.
Сонымен қатар Олимпия алауын «Комо» әйелдер командасының футболшысы Алиша Леманн да алып жүреді.
Қысқы Олимпиада 2026 жылдың 6-22 ақпаны аралығында өтеді. Оған 93 елден 3500-ден астам спортшы қатысады деп күтілуде.
4 желтоқсанда Грекияның Афина қаласындағы «Панатинаикос» стадионында Олимпиялық алауды тапсыру рәсімі өтеді.
Фото: Zlatan Ibrahimović / x.com.














