Бүгін, 4 қыркүйекте, елордалық клуб жаңа маусым алдындағы баспасөз конференциясын өткізді. «Барыс» жақында сегіз шетелдік хоккейшімен келісімшартқа қол қойғанын мәлімдеген. Жаңа заңға сәйкес, олардың еңбекақысы демеушілердің қаражаты есебінен ғана төленуі керек.
Журналистер Мұсайбековтен қымбат ойыншыларға қаражатты нақты кім бөліп отырғанын сұрады.
– Өздеріңіз жақсы білесіздер, заң қабылданды. Мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен легионерлерді алуға болмайды. Біз сегіз легионерді шақырдық. Олардың жалақысы мен келісімшарттары тек демеушілердің қаржысынан төленеді. Бұл қаражаттың мемлекетке де, квазимемлекеттік секторға да қатысы жоқ. Бәлкім алдағы күндері демеушінің атын жариялап қалармын, – деді Мұсайбеков.
Легионерлердің жалақысына қанша қаражат кетеді?
«Спорт-Экспресс» басылымының мәліметінше, 2025/2026 жылғы маусымда «Барыс» шетелдік жаңадан келген ойыншыларға 229 миллион рубль немесе шамамен 1,5 миллиард теңге төлейді.
Клуб басшысы трансферлік нарықтағы жұмыстар жалғасып жатқанын және алдағы уақытта тағы да легионерлер шақырылуы мүмкін екенін айтты.
Айта кетейік, 2025 жылдың шілдесінен бастап Қазақстанда жаңа заң күшіне енді. Соған сәйкес шетелдік спортшыларға мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен ақы төлеуге тыйым салынған. Демек легионерлердің жалақысы клубтың бас серіктесі «Самұрық-Қазына» қорының қаржысынан төленсе, заң бұзылған болып саналады.
Еске сала кетсек, өткен маусымда «Барыс» легионерлерден бас тартып, ҚХЛ-да жеңілістен көз ашпаған еді. Жаңа маусымда клуб басшылығы командаға плей-офф кезеңіне шығу міндетін қойып отыр.
Фото: hcbarys.kz.